«ӨМІРІ ӨНЕГЕЛІ ӨР ТҰЛҒА»
«Шабыт» жобасы аясында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірі мен қызметіне арналған «Өмірі өнегелі – өр тұлға» атты тағылымды кездесу ұйымдастырылып, жоғары деңгейде өткізілді.Іс-шараның мақсаты – оқушыларға Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмір жолын, ел дамуына қосқан зор үлесін таныстыру арқылы оның өнегелі тұлғасын үлгі ету, сондай-ақ жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, елжандылық, адамгершілік және тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға құрмет сезімін арттыру болып табылады.Кештің құрметті қонақтары ретінде Д.А. Қонаев атындағы халықаралық қордың Жамбыл облыстық бөлімшесінің төрағасы Асқарбеков Қибат Тілеуқұлұлы және Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Шағырбаев Бақыт Қысатайұлы қатысты. Кездесу барысында Қонаев атамыздың өмір жолы, ел дамуына қосқан өлшеусіз үлесі туралы мазмұнды әңгімелер айтылып, оқушылар тарапынан арнау өлеңдер оқылды. Сонымен қатар, оқушылар қонақтарға сұрақтар қойып, өз ойларымен бөлісіп, белсенділік танытты. Белсенді қатысқан оқушылар алғыс хаттармен марапатталды. Қонақтар өздерінің ақ тілектерін білдіріп, оқушыларға ақ баталарын берді. Іс-шара барысында ұлттық өнер де назардан тыс қалмай, оқушылардың орындауында музыкалық және шығармашылық нөмірлер ұсынылды. Кездесу соңында Д.А. Қонаев музейі атынан мектеп-интернатымызға естелік кітап табысталып, бұл шараның тәрбиелік маңызы ерекше екені атап өтілді. Жалпы, аталған тағылымды кездесу оқушылардың тарихи тұлғаларға деген құрметін арттырып, олардың рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуына оң ықпал етті.